Intel корпорациясы «XXI ғасыр электронды оқытудың даму болашағы» конференциясына қатысты

Бүгін Алматыда «XXI ғасыр электронды оқытудың даму болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өз жұмысын бастады. Конференция «Өрлеу» БАҰО» және Intel корпорациясының қолдауы және қатысуымен өткізілуде.

Конференцияның мақсаты – білім беру және ғылыми-ақпараттық ортаның қазіргі ахуалына баға беру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы жетістіктерді талдау және оларды білім беру ісіне ендіру, кадрлар дайындау жүйесін жетілдірудің негізгі бағыттарын, Қазақстан Республикасындағы электронды білім берудің келешегін айқындау. Іс-шара біртұтас ұлттық білім беру кеңістігіндегі заманауи ұстаз көзқарасының трансформациясы тақырыбындағы баяндамасымен ашылды. Конференция қатысушыларына білім берудегі ақпараттық технологиялардың даму үрдісі мен электронды оқытуды ендірудің халықаралық тәжірибесі таныстырылды.

Қазақстандағы Intel® «Болашақ үшін оқыту» бағдарламасының жетекшісі Шолпан Айтенова толық мәжілісте Intel оқыту бастамаларына шолу жасап, олардың нәтижелерін көрсетті. Қазақстанда жемісті жүзеге асырылған Intel бағдарламаларының бірі – «Болашақ үшін оқыту» мұғалімдерді кәсіби дамытудың дүниежүзілік қайырымдылық бағдарламасына әлемнің түрлі елдерінен 10 миллионнан астам педагог қатысқан. Бағдарлама оқытушыларға жаңа ақпараттық және педагогикалық технологияларды мейілінше толық меңгертуді, оқушылармен күнделікті жұмыста және сабақта оқыту материалдарын әзірлеуде, жобалық жұмыс пен оқушылардың өзіндік зерттеу жұмыстарында технологияның қолданысын кеңейтуді көздейді. Қазақстанда Intel «Болашақ үшін оқыту» бағдарламасы 2009 жылы жолға қойылып, бүгінге дейін 30 мыңнан астам мұғалім дәріс алды.

«Білім бүкіл әлемде табысты болашақтың кепілі болып табылады және әлеуметтік әрі экономикалық мүмкіндіктерге даңғыл жол ашады. Intel, әлеуметтік жауапкершілікке ие компания ретінде бүкіл әлемдегі білім беру мекемелерінде 21 ғасырлық оқыту әдістемелерін енгізуге қажетті құралдар мен ресурстарды ұсына отырып, осы саланы жүйелі және дәйекті түрде жақсартуға ұмтылады, – дейді Татьяна Нанаева, Intel корпорациясының Білім беру бағдарламаларының директоры, – Intel білім беру бағдарламалары мен бастамалары 70-тен астам елде, соның ішінде Қазақстанда да табысты жұмыс істеп келеді. Мысалы, Intel «Болашақ үшін оқыту» бағдарламасы Қазақстанда 5 жылдан астам жұмыс істеп, оқытушыларға жаңа технологияларды тереңірек меңгеруге көмектесіп келеді. Жыл сайын қазақстандық педагог-әдіскерлер тобы «Intel ISEF білім беру академиясына» қатысып, төрткүл дүниеден келген әріптестерімен бірге жаратылыстану және математика ғылымдарын зерттеуге оқушыларды тартудың инновациялық әдістерін қарастырады. Бұдан басқа 2000 жылдан бастап Intel қазақстандық оқушылардың Intel ISEF халықаралық ғылыми байқауына қатысуына септесіп келеді. Мұның барлығы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, «Өрлеу» Ұлттық орталығы және корпорация серіктестерімен ұзақ та баянды ынтымақтастық арқасында мүмкін болып отыр. Біздің біріккен күшіміз оқу үдерісі сапасының және оның нәтижелерінің одан әрі жақсаруына әкеледі дегенге кәміл сенеміз».

Алматы қаласындағы №92 пилоттық жоба мектебінің мұғалімдері «Сыныптағы АКТ шешімдері – ұстазға көмекші» шеберлік сыныбын өткізді, онда сандық зертханалар мен робот техникасын Intel архитектурасы негізіндегі ұтқыр құралдармен байланыста қолдануды көрсетті.

«Intel білім беру ғаламы» сессиясында Қарағанды облысы Сарань қаласындағы №6 мектеп мысалында «1 оқушы: 1 компьютер» үлгісін енгізу тәжірибесі ұсынылды, сондай-ақ, оқу үдерісінде қазақстандық сандық білім беру ресурстарын және жобалық жұмыстарды қолдану талқыланды.

Ұстаздардың біліктілігін арттыруға инновациялық тәсілдеме және мектептер мен жоғары оқу орындарында электронды оқытуды жүзеге асырудың ұйымдастырушылық-басқарушылық тетіктері талқыланған дөңгелек үстелдер үлкен қызығушылық тудырды.

«XXI ғасыр электронды оқытудың даму болашағы» конференциясының екінші күні Intel «Болашақ үшін оқыту» бағдарламасының тьюторлары қазақстандық педагогтар мен білім беру саласы қызметкерлеріне мына тақырыптар бойынша бірқатар шеберлік сыныптарын өткізді:

  • Курс аралық кезеңде мұғалімдердің біліктілігін көтеруді ұйымдастырудың қашықтық нысандары,
  • Желілік қоғамдастық педагогтардың үздіксіз кәсіби даму құралы ретінде,
  • XXI ғасыр сыныбындағы бағалау әдістері мен мәліметтермен жұмыс кезінде Сыншыл ойлау.

Intel


comments powered by Disqus

Топ компаний

  1. ESET  367
  2. Intel  159
  3. Лаборатория Касперского  153
  4. Microsoft  149
  5. Samsung Electronics  148
  6. Google  74
  7. Dell  60
  8. Qiwi  35
  9. Cisco Systems  27
  10. McAfee  24